Орталық туралы >> Комитеттің аумақтық органдары. Балалардың құқықтарын қорғау департаменттері

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің
Жауапты хатшысының
2010 жылғы «___» ________
№____ бұйрығымен бекітілген

 

 

“Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің
__________________ Балалардың құқықтарын қорғау
департаменті” мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің __________________________ Балалардың құқықтарын қорғау департаменті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) аумақтық органы болып табылады, өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2. Департамент құқықтық-ұйымдастырушылық нысандағы мемлекеттік мекеме түріндегі заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен ескерілген жедел басқару, жалға алу және өзге де негіздер құқығында иеленетін жеке мүлкі бар, жеке балансы, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес аумақтық қазынашылық органдарда ашылған шоттары болады.
3. Департаменттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қара-жатынан жүзеге асырылады.
4. Департамент өз қызметінде Комитетке бағынады және есеп береді.
5. Департаменттің штат санының лимиті Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген Министрліктің штаттық санының лимиті шегінде Министрдің келісімінен кейін Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі.
6. Заңды тұлғаның толық атауы:
- мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің Балалардың құқықтарын қорғау департаменті» мемлекеттік мекемесі;
- орыс тілінде: Государственное учреждение «Департамент по защите прав детей Акмолинской области Комитета по охране прав детей Министерства образования и науки Республики Казахстан».
7. Департаменттің уәкілетті органы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитеті болып табылады.
8. Департаменттің заңды мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, __________________, _________________қаласы, ___________ көшесі, _____ үй, пошталық индексі:__________.
9. Берілген Ереже Департаменттің құрылтайшылық құжаты болып табылады.
___________________

2. Департамент қызметінің мақсаты және мәні

10. Департамент қызметінің мақсаты қоғамдағы адамгершілік басымдықтары пен рухани байлықты қалыптастыру, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық үйлестірудің тиімді жүйесін құру болып табылады.
11. Департамент қызметінің мәні Қазақстан Республикасынының қолданыстағы заңнамасында және Бала құқықтары туралы Конвенциясында көзделген барлық заңды құқықтарды сақтау негізінде баланың жеке тұлға ретінде толыққанды өсіп жетілуіне жағдай жасау болып табылады.

3. Департаменттің негізгі міндеттері, қызметі мен құқықтары

12. Департаменттің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы», «Неке және отбасы», «Білім туралы» Заңдарын және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілердің іске асырылуын қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына және бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес балалардың барлық санаттарының құқықтарын іске асырумен байланысты жергілікті деңгейде ведомствоаралық ынтымақтастықты үйлестіру және іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды бақылау;
3) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың адамгершілік-рухани дамуы жөніндегі аймақтық бағдарламаларды іске асыруда жергілікті атқару органдарына жәрдемдесу;
4) «әлеуметтік» жетімдіктің, балаларға зорлық-зомбылық көрсету және еңбегін қанаудың алдын алу және ескерту, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдай жасауға жәрдемдесу;
5) адамгершілік-рухани құндылықтар негізінде балалардың қоғамға кірігуіне бағытталған балалардың өзін өзі іске асыруы үшін жағдай жасау, балалардың қоғамдық бастамалары мен қоғамдық ұйымдарын қолдау және ынталандыру;
6) бала құқықтары туралы Конвенцияның Ережелерін іске асырудың, адамгершілік-рухани тәрбие бағдарламаларының мониторингі, балалардың әлеуметтік әл-ауқатын талдау және болжау, аймақтағы балалардың тұрмыс жағдайын жақсарту туралы ұсыныстарды әзірлеу;
7) балалардың құқықтары туралы және оның іске асырылуы туралы жұртшылықтың ақпарат алу деңгейін көтеру;
13. Департамент өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес келесі функциялар-ды жүзеге асырады:
1) балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, олардың адамгершілік-рухани дамуы саласындағы ағартушылық жұмыстары, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық ұйымдармен ведомоствааралық қызметті қамтамасыз ету және үйлестіру;
2) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балалардың құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау, олардың адамгершілік-рухани дамуы саласындағы аймақтық бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;
3) балаларға әлеуметтік қолдау көрсету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде тұрғындардың адамгершілік-рухани ағарту мәселелерін шешу бойынша ведомствоаралық ынтымақтастық негізінде бірлескен жобаларды бастама жасау;
4) аймақтағы балалардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне зерттеу жүргізілуіне жәрдемдесу және қолдау көрсету, уәкілетті органдар мен білім беру ұйымдарының салааралық өзара байланысының алдыңғы қатарлы тәжірибесін пысықтау;
5) әлеуметтік жетімдіктің және өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың мәселелерін шешуге бағытталған қайырымдылық акциясын өткізуге бастама жасау;
6) зорлық-зомбылыққа ұшыраған, бас бостандығынан айыру орындарынан келген балаларға арналған дағдарыс орталықтары жүйесін дамыту және қызметін үйлестіру;
7) әлеуметтік жетімдіктің, балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің және еңбегін қанаудың алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру;
8) өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды тіркеу және есепке алу, олардың заңды құқықтарын іске асыруда көмек көрсету және жәрдемдесу;
9) ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған қамқоршылық және қорғаншылық ұйымдар қызметіне практикалық көмек көрсету мақсатында өзара байланыс орнату;
10) балалардың құқықтары мен мүдделерін білдіретін әлеуметтік маңызы бар балалар бастамалары мен жобаларын, балалар ұйымдарын ынталандыру, бағалау және қолдау көрсету;
11) балалар құқықтарын қорғау және қоғамның адамгершілік-рухани дамуы саласындағы мемлекеттік саясатты, ақпараттық-насихаттық және ағартушылық қызметті жүзеге асыру;
12) балаларды қорғау және олардың адамгершілік-рухани құндылықтары мәселелері жөнінде конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер және басқа іс-шаралар өткізу;
13) балалар құқықтарын қорғау мәселелерімен айналыстын мамандарды кәсіптік дайындауға және аттестаттауға арналған бағдарламаларды әзірлеу жұмысына қатысу;
14) өңірдегі балалардың жағдайы туралы зерттеулер жүргізу және аумақтық жылдық есепке дайындалу;
15) балаларды қорғау және олардың адамгершілік-рухани қалыптасуы мәселелері бойынша ұлттық және халықаралық тәжірибелерді зерделеу;
16) аймақтағы балалардың тұрмыс жағдайларын жақсарту мәселелері жөнінде жергілікті атқарушы органдарға және Комитетке ұсыныстар енгізу;
17) отбасылар мен балаларға, соның ішінде өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға кеңестік, құқықтық, психологиялық көмек көрсету, әлеуметтік және құқықтық сұрақтарын шешуге арналған аймақтық қоғамдық қабылдауларды құру;
18) балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды толық және жан-жақты есепке алу, аймақтық ерешеліктерді ескере отырып, балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең шағын әлеуметтік стандарттарды сақтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық келісімшарттардың жүзеге асырылуын бақылау;
19) осы Ережеде көрсетілген мақсат үшін жеке және заңды тұлғалардан мүліктік игілікті және құқықтарын (мүлік, заттар, ақша және т.б.) қайырымдылық етуді заңнамаға сәйкес қабылдау. Департамент белгіленген міндет бойынша қайырымдылықпен берілген мүліктерді пайдалану жөніндегі барлық операциялардың арнайы есебін белгіленген заңнамалық тәртіппен жүргізуі тиіс.
20) балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылыққа алу, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету, аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең шағын әлеуметтік стандарттарды сақтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалары мен халықаралық келісім шарттарының жүзеге асырылуын бақылау;
21) Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметін үйлестіру және бақылау;
22) балалардың заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөнінде азаматтардың хаттары мен өтініштерін қарау, өз құзыреті шегінде шешім қабылдау.
14. Департамент негізгі міндеттерді іске асыруда және өз қызметінде заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарға құқылы:
1) өз құзыретінің шегінде балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау және олардың адамгершілік-рухани дамуы мәселелері жөнінде шешім қабылдауға;
2) аймақтағы балалар мен жастардың адамгершілік-рухани мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар мен білім беру мекемелерінің әлеуметтік әріптестіктігін дамытуға ықпал ету;
3) балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі шығармашылық бастаманы қолдауда аймақтағы қолдаушылық дәстүрді дамытуға ықпал ету;
4) ведомствалық иелігі мен меншік түрінен тәуелсіз балалар мәселелерімен айналысатын барлық ұйымдарға кедергісіз кіруге;
5) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, Департамент жұмысына қажетті ақпаратты және мәліметтерді сұратуға және алуға;
6) өз құзыретінің шегіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді өзгерту және толықтыру жөнінде тиісті ұсыныстар енгізуге;
7) балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау мәселелерімен айналысатын халықаралық, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп аймақтағы балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар өткізуге;
8) балалық шақтың, балалар құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғау және олардың адамгершілік-рухани дамуы мәселелері жөнінде хабардар ететін баспасөз қызметін жүзеге асыруға;
9) балалардың құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғаумен айналысатын әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
10) Департамент құзіретіне енетін мәселелері бойынша комиссия, топтар жұмысына, сот отырыстарына қатысуға;
11) Департамент құзіретіне енетін мәселелерді пысықтау үшін ғылыми және өзге де ұйымдарды, жеке ғалымдарды, мамандар мен сарапшыларды тартуға;
12) өз қызметі аясында кеңестік алқалар (комиссия, кеңестер, топтар) құруға;
13) Комитет ұсынған басқа да өкілеттіктерге.

4. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

15. Департаментті Министрліктің басшылығының келісімінен кейін, Комитет төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын директор басқарады;
16. Министрліктің басшылығының келісімінен кейін, Комитет төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Департамент директорының орынбасары болады;
17. Департаменттің директоры Департаменттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді, Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.
18. Осы мақсатта Департамент директоры:
1) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Департамент қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) Департаментінің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссиялардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, еңбек және орындаушылық тәртіпке, кадр қызметінің жұмысына және құжатайналымының ұйымдастыруына бақылау жасайды.
4) Департамент қызметкерлерінің іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, біліктілігін арттыру, даярлау (қайта даярлау), көтермелеу, үстемеақы және сыйақы беру мәселелерін шешеді;
5) Департамент қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады;
6) Құқықтық бұйрықтарды шығарады және құзыретіне жататын, барлық Департамент қызметкерлері үшін міндетті түрде орындалуға тиісті мәселелер бойынша тапсырмалар береді;
7) Департаменттің Регламентін бекітеді;
8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда Департаменттің атынан өкілдік етеді.
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жұмысына басшылық жасайды, қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді, жемқорлыққа қарсы тұру жұмыстарының жай-күйіне дербес жауапты болады.

5. Департаменттің мүлкі

 

19. Департаменттің жедел басқаруға құқығында оқшауланған мүлкі бар.
20. Департаменттің мүлкі оған мемлекет берген жекеленген мүліктің есебінен қалыптасқан және ол негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Департамент балансында көрсетілген өзге де мүліктен тұрады.
21. Департаментке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
22. Департаменттің өзіне бекітіліп берілген мүлікті Комитеттің келісімінсіз иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
23. Департамент өзіне бөлініп берілген қаржы көлемінде жауапкершілікке міндетті. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, оның міндеттемелері бойынша мүлік иесі жауапты болады.

6. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату

24. Департаментті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.25. Таратылған ұйымның мүлкін қолданыстағы заңнамаға сәйкес Уәкілетті орган қайтадан бөледі.