Жаңалықтар

Құрылған: 27.10.2017, 16:42   |   Жаңартылған: 30.10.2017, 17:04
Алматыда "Бөбек" Ұлттық орталығының 20-жылдығына орай "Өзін-өзі тану: сүйіспеншілік пен шығармашылық педагогикасы" халықаралық педагогикалық форумы өтті
27.10.2017

2017 жылғы 26 қазанда Қазақстанның әр аймағынан жиналған 800-ден астам педагогтар  Алматы қаласындағы Қабылдаулар үйінде «Өзін-өзі тану: Сүйіспеншілік пен Шығармашылық педагогикасы»  Халықаралық педагогикалық форумында  бас қосты.  Форумды ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен  үстіміздегі жылы өзінің  20 жылдығын атап өтіп  отырған «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім  беру  және  сауықтыру орталығы.
Форумның салтанатты ашылу рәсімінде  Қазақстан Республикасының Бірінші Ханымы, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаева құттықтау сөз сөйлеп, «Бөбек» Ұлттық Орталығының қызметкерлерін  және форумға  қатысушыларды осы айтулы  мерекемен  құттықтады. Сара Алпысқызы жас қазақстандықтарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу ісіне сүбелі  үлес қосқан ғалымдарға, әдіскерлер мен педагогтарға үлкен алғыс сезімін білдірді. 
Форумда жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген ізгілікті  педагогика және  білім беру ісіне еңбек сіңірген қазақстандық және шетелдік педагогтар мен ғалымдар, атап айтқанда  Шалва Александрович Амонашвили (Ресей), Марианна Мейер (Германия), Джафар Маллаев (Ресей), Дерижан Ицкa (Болгария), Галина Новикова (Ресей) және т.б.сөз сөйледі. Бұл  ғалымдардың айтқан  ойларын форумның «Өзін-өзі тану – тұрақты  өзгеріп  отырған әлем жағдайында адамның толыққанды өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жан-жақты мүмкіндіктер туғызатын  болашақтың білім  беру моделінің негізі» деген  тұжырымдық идеясы біріктірді.
Форумның  құрметті  қонақтары  ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі төрағасының орынбасары Гульмира Исимбаева,   Білім және  ғылым  министрі Ерлан Сағадиев, Алматы қаласының әкімі  Бауыржан Байбек, «Нұрсұлтан Назарбаев Білім  қоры» қоғамдық  қорының директоры Динара Кулибаева, білім беру жүйесінің басшылары, жоғары  оқу орындарының ректорлары қатысты.
Сара Алпысқызының қызметіне берілген халықаралық  жоғары бағаның дәлелі  ретінде бағдарлама авторына БҰҰ (ЮНИСЕФ)  Қазақстандағы Балалар қорының атынан Қордың өкілі Юрий Оксамитный «Қазақстан балаларын қорғауға  қосқан үлесі  үшін» марапатын тапсырды.
Форумның салтанатты ашылуынан кейінгі пленарлық мәжілісте  шетелдік және қазақстандық  ғалымдар рухани-адамгершілік білім беруді дамытудың  заманауи мәселелері  бойынша  өз  ойларын ортаға салды.
27 және 28 қазан күндері «Өзін-өзі тану: Сүйіспеншілік пен Шығармашылық педагогикасы»  Халықаралық педагогикалық форумы өз жұмысын «Бөбек» орталығының алаңшасында жалғастырды. Ізгілікті педагогиканың мектептегі,  балабақшадағы тәжірибесі, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде білім берудің интеграциясы,  мұғалімнің шығармашылығы,  рухани  өзін-өзі  жетілдірудің жолдары, ата-ана рөлін ұғыну, риясыз  қызмет ету – міне  осы сұрақтар ғалымдардың, педагогтар мен «Өзін-өзі тану» бағдарламасы  тренерлерінің басты назарында  болды.
Форумның құрметті  қонақтары Шалва және Паата Амонашвили, Марианна Мейер, Петра фон Калиновски, Арт Онг Джумсаи, Джафар Маллаев, Ангелина Могилевская, Эльхан Бейларов, Клара Мансурова өткізген шеберлік сыныптары мен семинарлары форумға қатысушылардың, гимназия  оқушылары мен «Өзін-өзі тану»  колледжі студенттерінің үлкен қызығушылығын туғызып, үлкен әсер қалдырды.
Шалва Александрович Амонашвили  балалар мен педагогтарға «Математика – сандар симфониясы» және «Сөздер - сыйлықтар» деген керемет екі сабақ сыйлады. Клара Шарафовна Мансурова мұғалімдер  және студенттермен  кездесулер  барысында отбасының  шынайы құндылықтары жөнінде  айтып, ата-ананың  өз рөлін   ұғынуының мәні мен маңызын  түсіндірді.  Ангелина Могилевская «Психологтің, мұғалімнің, тренердің  өзін-өзі  бағалауын қалай көтеруге  болады?» тақырыбында психологтік-педагогтік тренинг өткізді. Доктор Джумсаи  Таиландтағы  жалпыадамзаттық  құндылықтар мектебінің тәжірибесімен  бөлісті, кез келген  оқу  пәні арқылы балалардың  бойында мәдениет пен руханилықты, сонымен қатар қоғамға  қызмет етуге ұмтылысты тәрбиелеуге болатындығын  нақты  мысалдар арқылы көрсетті. 
Форумға қатысушылар ізгілікті  педагогика шеберлерінің осындай «шоқжұлдызының» бай тәжірибесі, олардың өз дана ойларымен, тәжірибесімен  бөлісуге  даяр болуы, шетелдік ғалымдардың біздің елімізге деген құрметі мен ризашылығы қазақстандық  педагогтардың алғыс сезімін тудырып, жасампаздық пен шығармашылыққа  шабыттандыратынын  атап өтті.
Форумға  қатысушылардың пікірлерінен:
«Шалва Амонашвилидің  адами  құндылықтар жөніндегі  ойларын, әрбір педагогтің  орны, балаларға деген шынайылық, жылылық, ең бастысы -  махаббат арқылы әр баланың  жүрегіне жол табу, баланы тыңдай  білудің маңыздылығын жақсы ұғындым. Мен форумнан үлкен әсер алдым!»(Талпақова Алмагүл Сыздыққызы, Қызылорда  облысы);
«Алыс-жақыннан келген қонақтардан өзімді  тануға, көкейімде  жүрген көптеген сұрақтарға  жауап алдым. Бұл форум ұстаздарға, әсіресе  мен сияқты жас мамандарға әрі  қарай жетілуге, өмірлік бағытымды дұрыс тануға көп септігін  тигізді. Үлкен  рахмет!» (Ұлдахан Арайлым Дәулетбергенқызы, Алматы);
«Форум  жоғары  деңгейде  ұйымдастырылған. Жақсы көңіл-күймен, рухани азық алдым. Шығармашылық табыс тілеймін!» (Ұзақбаева Дариға, Атырау  облысы).
Форум жұмысының соңғы күні өткізілген шеберлік сыныптары  мен ашық сабақтарда «Бөбек» орталығының «Өзін-өзі тану» бағдарламасын жүзеге  асыру бойынша тәжірибесі ұсынылды. Шетелдік  және  отандық ғалымдар мен әдіскерлер қатысқан  «Дөңгелек үстел» барысында рухани-адамгершілік білім беруді дамытудың өзекті  мәселелері мен перспективалары  талқыланды.
Форум «Бөбектің» 20 жылдығына  арналған мерекелік концерт пен «Өзін-өзі тану» бағдарламасын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан педагогтарды  марапаттау салтанатымен  аяқталды.

 

© 2017 Балалардың қүқықтарын қорғау комитеті

010000, Астана қаласы, Орынбор көшеcІ
«Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты, № 8 үй, 11 кіреберіс. Тел.: 8 7172 74 23 42

Яндекс.Метрика