Жаңалықтар

Құрылған: 11.07.2018, 11:14   |   Жаңартылған: 11.07.2018, 11:16
Ерлан Сағадиев Сәуле Айтпаеваны ҮЕҰ өкілдерімен таныстырды
11.07.2018

Алматы қаласындағы Ұлттық ғылым академиясында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев маусым айында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне тағайындалған Сәуле Айтпаеваны балалардың құқықтарын қорғаумен айналысып жүрген ҮЕҰ өкілдерімен таныстырды. 

Басқосудың мақсаты – азаматтық секторлармен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қарастыру мен балалардың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз ету үшін тиімді шараларды қабылдау. Азаматтық сектор өз кезегінде  балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын мәселелерде қоғамдық бақылаушының міндетін атқаратыны аян. Сондықтан кездесуге келген қоғам белсенділері мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, республикада балалықты қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру мәселелерінде бірлескен қызмет нысандары мен диалог құруға ұмтылатыны белгілі.  Оның үстіне соңғы жылдары бала Омбудсменіне артылған жауапкершілік бұрынғыдан да күшейді. Қазіргі таңда балаға қатысты қылмыстардың өршуі Омбудсмен қызметінің өзекті бола түсетінін көрсетуде. Баланы  дәретханаға лақтыру, зорлау, өлтіру, сату, еңбегін қанау, ерте жүктілік, суицид сынды мәселелер легі қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр.  Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл өрескел жайттардың бірін де айналып өтпейді. Бірақ Омбудсменге жиналғандар тарапынан көбінесе электрондық күнделіктерге қатысты сауалдар қойылды. Қоғамдық ұйымдардың ойынша, электрондық күнделікті ендіру салдарынан ата-аналар мектепке баруды қойған. Алайда бұл мәселеге қатысты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз уәжін айтып, керісінше соңғы жылдары ата-аналар жиналысына қатысатындар саны 1,5 есе өсті деген деректі алға тартты.  Кездесуде «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының жетекшісі Аружан Саин аймақтардағы мәселелерді алға тартты. Оның ойынша, жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың мәселелеріне жүрдім-бардым қарайды. Сол сияқты Аружан Саин Омбудсменнің өз штаты болуы керек дейді. «Бір ғана Омбудсмен барлық жағдайды игере алмайды. Институт та өзгерді және заңдарды да қайта қарау қажет. Қоғамдық ұйымдарға да иек артуға болады», дейді А.Саин.  Өз кезегінде Сәуле Айтпаева тоқсанына бір рет жергілікті атқарушы органдарды қатыстыра отырып, бейнеконференциялар ұйымдастыру қажеттігін атады.  – Қазіргі таңда азаматтар бірден орталық атқарушы органдарға немесе Бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінеді. Сондықтан Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Білім және ғылым министрлігі алаңында, Денсаулық сақтау министрлігінде ҮЕҰ-лармен бірге жергілікті атқарушы мекемелермен қосылып бейнеконференция-байланыс арқылы азаматтарды қабылдайды. Осыған қарап, біз қалай жұмыс істейтінімізді анықтаймыз. Адамдар қолымыздағы қазіргі барлық мүмкіндіктермен оларға қамқорлық жасайтынымызды сезінуі қажет. Күзге қарай алғашқы қабылдауды жүргіземіз деп ойлаймын, деді Омбудсмен. Кездесу қорытындысы бойынша, әлеуметтік жетімдікке және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерінің нақты қадамдары, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету және жедел әрекет ету жолдары әзірленетін болады.

 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Материалдар Egemen Qazaqstan газетінен алынды: https://egemen.kz/article/171609-erlan-saghadiev-saule-aytpaevany-ueu-oekilderimen-tanystyrdy
 

© 2018 Балалардың қүқықтарын қорғау комитеті

010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел көшеcІ
«Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты, № 8 үй, 11 кіреберіс. Тел.: 8 7172 74 23 42

Яндекс.Метрика