Жаңалықтар

Құрылған: 12.07.2018, 12:16   |   Жаңартылған: 12.07.2018, 18:33
Балаларды бауырластыратын балалар лагері көбейсе игі
12.07.2018

Тоғыз ай білім нәрімен сусындап, көктем лебімен түлеп, жа­дыраған жазға жеткен ұл мен қыз бұдан кейін көзайым болар лагерьде достарымен қатар жүріп демалуды ойлайды. Қазір балалар демалысы жүйелі ұйымдастырылып келеді. Соның әдемі көрінісі, көрікті Көкше өңіріндегі жыл бойы жұмыс істейтін «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы дер едік.

Баяғы Қырымдағы артектей осы күнгі қазақ артегі – «Балдәурен» десек, артық айтқандық емес. Жүздеген бала демалып келе жатқан бұл кешен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен 2002 жылы «Артек» халықаралық балалар орталығы негізінде ашылғаны белгілі. Ондай артек кеңес заманында Қырымда болған еді. Дәулеті мен сәулеті қатар дамыған қазақ елі үшін ұрпаққа мұндай қамқорлық көрсету үлкен жақсылықтың нышаны. Содан бергі уақыт ішінде бұл еліміздің балдырғандардың құт мекені десе болады. Лагерді азат елдің артегіне айналдыру үшін оның бөлімшелерін Отанымыздың барлық аймағынан ашып, «Балдәуренге» сол бөлімшелерден жасақталған жүздеген жүйріктерді жіберу жайын бас басылым талай рет мәселе етіп қозғаған. Бұл оқушылардың ынтасын арттырумен қатар, бір барып көрсек деген балаң арманына қанат бітірері хақ.

Кеңестік кезеңде артекке барған оқушы ерекше ілтипатқа бө­ле­нетін. Шіркін, тәуелсіз елдің ұрпағы сондай мәртебеге ие болар күн туса, «Қазақ артегін» келісті етіп қалыптастырсақ – ұлт ұрпағының рухы биіктей берер еді. Бүгінгі абыройлы іс бедел биігінен нық табылар еді. Бұған облыс жұртшылығы қолдау көрсетіп, басшылар жағы басым көңілмен кеңдік танытса, ұрпақ ісі ұтысқа шығары анық. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Маңғыстау өңіріндегі Кендірліден «Балдәурен» лагерінің бөлімшесі ашылған. Амал не, кейін тындым болды. Иә, бір кездері ел баласына жалғыз «Балдәурен» кешені қызмет етіп келсе, енді Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағасындағы «Алтын-емел» пансионаты базасында бөлімше ашылып, үш жылдан бері жүйелі жұмысымен жұрт көңілінен шығып отыр.

«Біздің «Балдәурен» орталығының әлеуметтік маңызы айдан анық. Кешен балалардың бойында белсенділікті оятуға, азаматтық ұстанымдарын жетілдіруге тәрбиелей отырып, олардың ой-өрісін, шығармашылық қабілетін шыңдайды. Әр баланың өзі туралы толық мәлімет бере алатын дәрежеге көтерілуіне мүмкіндік туғызады. Сол арқылы болашақ тұл­ғаның қалыптасуына қалыпты жағдай жасалады», дейді «Бал­дәурен» кешенінің бас директоры Мұхитдин Төлепбай. Жақында біз «Балдәуреннің» Қапшағай қаласы маңындағы филиалында болған едік. Республикалық оқу-сауықтыру орталығының бұл бөлімшесіндегі кешен жұмысы көңілден шықты. Табиғаты тамаша, Іле өзенінің толқынды көкшіл суы, жағасындағы сусыған күлгін құмы – бәрі де бір-бірімен жарасым тапқан. Анау замандары ұлт арыстары осы су қоймасын салумен қатар, демалыс орнына айналдыру жайын да жан-жақты ойластырған. Міне, соның қызығын толқын-толқын ұрпақ, оның ішінде оқушылар да көріп, көңіл көкжиегі кеңіп, еліміздің төрт бұрышынан келген балдырғандар қол ұстаса жүріп тілек армандарын қарлығаш балапанындай алысқа қанаттандыруда. Бес қабатты, бес еңселі ғимарат, оның ішіне қойылған заманауи жиһаздар, балалармен бірге ата-аналардың уақытша тыныстауына мүмкіндік беретін орындар, бақылау тетіктері, аптапта қосатын суытқыш құрылғылар, суы мөлдір, жағасын күміс құм көмкерген түрлі бассейндер, жұпар иісі қытықтап, көзді баураған гүлзарлар, жазда бұлтты күні түсуге лайықталған, ал қалған үш мезгілде үздіксіз оқушыларға қызмет көрсететін үй іші бассейні, балалардың денсаулығын қадағалап отыратын құрал-жабдығы түгел амбулаториясы, өзіндік бір әлем саналатын асханасы, өзге де құрылымдар оқушылардың әр ауысымындағы демалысының жақсы өтуіне жасалған керемет жағдай деуге болады. Бұл кешенде бір ауысымда 650 бала, үш айдағы бес ауысымды қоса есептесек, үш жарым мыңдай оқушы лагерь табалдырығын аттап, он күнді көңілді өткізеді. Оларға әртүрлі жүз елу мамандық иелері қызмет көрсетеді екен. Бес мезгіл қуаты мол түрлі тағамдармен қамтамасыз ету де шешімін тапқан. Оқушылар демала жүріп, түрлі шара­лардың ортасынан табылады. Айталық «Туған күніңмен, Астана!» деген тақырыпта өткен ауқымды кеште елорданы мақтан ететінін айтып, түрлі көріністер көрсетіп шығармашылық жұмыстарын талқыға салды. Кешенде әр күнді әр тақырыпқа арнау дәстүрге айналған. Ол «Сәлем, Балдәуреннен!» басталып, «Ұлы дала бірлігі», «Домбыра үні», «Жұлдызды сәт», «Ертегілер әлемінде», «Мен көш­басшымын» және тағы басқа тақырыптармен ұштасып ке­те береді. Біз оқушылармен де сөйлесіп, лагерь туралы олардың ой пікірін білдік. Қай-қайсысы да «Балдәуреннің» бала көңілге сыйлаған барлық жұмыстарына риза екендігін жеткізіп, тіпті Е.Қаржауов есімді бала: «Ұйыған, тарқамаған берекеті, «Бал­дәуреннің» орны бір бөлек еді, «Балдәурен» жай ғана кешен емес, Бұл – әлемнің сегізінші кереметі», деп төрт жол өлеңді төгіп жіберді. Еліміздің барлық өңірінен келген балалар бір әке, бір шешенің баласындай болып табысқандарын, бұл табысу алда естен кетпей, қарым-қатынастарының жалғаса беретінін, лагерь демалыс алаңы ғана емес, дос табатын құт мекен екенін де алға тартады. Әнұранның үнімен оянып, «Балдәурен» әнінің бал әуенінен нәр алып, лагерьден рухтанып қайту жас ұрпақ үшін ұмытылмас сәт екені сөзсіз. «Бізде балалардың алаңсыз демалуына барлық мүмкіндік жасалған. Әр топтағы оқушыны көзден таса етпей, талапқа сай қызмет жасау басты борышымыз. «Балдәуреннің» бұл бөлімшесі оқушыларға жыл бойы қызмет көрсетеді. Қазір лагерьге еліміздің барлық облысынан, сол секілді үш қаласынан келген жас буын жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізуде. Жаз айларында 650-ден 700-ге дейін оқушылар қабылдасақ, қыркүйектен бастап әр ауысымға 300 ұл мен қыз келіп, мектептегі білімін жалғастыра жүріп, демалуына болады. Отанды сүю, елді құрметтеу, тәуелсіздіктің қадірін білу, алдыңғы толқынның өнегесін үйрене отырып, ертең ізін басу жолындағы бір қадам  «Қазақстандық жас патриоттар» академиясының игілікті ісі дер едім. Бұл құрылымға оқу­шыларды, ұйымдарды қабылдау ке­зіндегі талап үлкен. Себебі қабылданған оқушы мен ұйым академиямен байланысын үзбей, жұмыс істеуі тиіс. Мұнда білім беру ісі мен тәрбие жайы жан-жақты қарастырылады. Басты мақсат – талапты, талантты, дарынды балалар арасынан тұлға қалыптастыруға ұмтылу», дейді Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының директоры Бірлік Баржақсымов. Байтақ еліміздің барлық өңірінен келген ұл мен қызды бауырластырып отырған «Балдәурен» кешені игілікті істің алтын арқауына айналып қана қоймай, болашақта «Қазақ артегінің» ұйытқысы, берік діңгегі болу жолында үлкен ізденіспен тиянақты жұмыс атқарып отыр.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Мақала EGEMEN QAZAQSTAN газетінен алынды  https://egemen.kz/article/171668-balalardy-bauyrlastyratyn-balalar-lageri-koebeyse-igi
 

© 2018 Балалардың қүқықтарын қорғау комитеті

010000, Астана қаласы, Мәңгілік ел көшеcІ
«Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты, № 8 үй, 11 кіреберіс. Тел.: 8 7172 74 23 42

Яндекс.Метрика