Біздің түлектер!

Құрылған: 20.06.2013, 14:42   |   Жаңартылған: 21.06.2013, 20:25
Біздің түлектер!

ШҚО Балалар үйлері түлектерінің «Өткен жылдар естелігі» атты кездесу слеті

«Достар, достар, кетсек те біз есейіп,
 Амандықпен әрқашан кездесейік.
 Он жыл өтсін, жыл жиырма, жүз жыл өтсін,
Амандықпен әрқашан жүздесейік…»

Дәстүр бойынша   мектеп бітіруші  түлектердің  5,10,15,20,тіпті 40,50 жылдан кейінгі бас қосулары, яғни кездесулері болып жатады. Бұл  кездесулер  алтын ұя мектебін бітіріп, қияға қанат қаққан  жастар үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас, жүрек тебірентерлік сәт.
Асыр салып балалық шағын өткізген білім – тәрбие, өнеге алған мектебі, сабақ арқылы сана берген ұстаздар көз алдарынан өтеді. Осындай балалықтың базары білім ордасы болған мектебімен, білім мен тәрбие берген ұстаздарымен  жүздесіп, сыңғырлаған күміс қоңырау үнін тағы бір естігендей бір жағынан жағынан қуанышты, екінші жағынан қимастық сезім тудыратыны анық.
    
Осындай жылы жүздесулердің бірі ата-ананың  аялы алақанының жылуын көрмей, тағдыр тәлкегіне түсіп балалар үйінде тәрбиеленіп ержеткен түлектердің басын қосқан кездесу  тұңғыш рет ШҚО Өскемен қаласы 2013 жылдың 11 маусымында, Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен, орталық мәдениет үйінде  Балалар үйлері түлектерінің «Өткен жылдар естелігі» атты  тақырыпта өткен  кездесу слетін айтуға болады.   
Адам  алтын бесігі саналатын қасиетті ауылына яғни туып, қанаттанған ортасына  түрлі жағдайда ат басын бұрады. Бұл жолғы кездесу қанаттанып ұшқан ұямен кездесу, балалық шаққа бір сәт саяхат жасау десе де болады. Осыдан  көп  жылдар  бұрын  жүректері алып ұшып, туғандай болған үйімен,  ыстығына күйіп, суығына тоңып, мәпелеп  өсірген тәрбиешілерді, бір үйдің баласындай болып өскен достарын қимастықпен  қоштасып,  қолдарына куәлік алып үлкен өмірге аттанған жандардың қуанышты қауышуы еді.
   
Осынау игі бастамаға ШҚО әкімінің бірінші орынбасары, департамент басшылары, сондай-ақ шақырылған қонақтар, ШҚО барлық балалар үйінің тәрбиеленушілері  мен түлектері, БАҚ өқілдері қатысты.
Елімізде бірінші рет ұйымдастырылған слет Республика алаңы жанынан түлектердің мектеп бітірген жылдары жазылып рәсімделген  (60,70,80 т.б.) автобустарға мінген  түлектер орталық мәдениет үйі алаңына жиналды. Осылайша бастау алған шара орталық мәдениет үйі фойесінде ұйымдастырылған сурет галереясын, сол жылдардағы бұйрықтар мен тілек жазу кітабын тамашалаумен  сондай-ақ естелік суреттерге түсумен жалғасын тапты.
Кешке қатысқан барлық буын түлектерін, қонақтарды «Балалар үйі туралы» түсірілген  фильм ерекше сезімге бөлеп, көңілдерін  серпілтті.
Мереке шымылдығы «Үміт» балалар үйі «Үлгілі АҚҚУ» би ансамблінің орындауындағы  «Жастар»  биімен ашылды. Соңынан әрбір үйдің тарыхына тоқталып, мақтаныштарымен бөліскен, «Үміт» алауы шеруі баршаның жүрегіне жол тапты. Келесі кезекте ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар Мұқашұлы түлектерді бүгінгі ерекше күнмен құттықтап,  өз  жылы лебізін білдірді,  барлық балалар үйі басшыларын алғыс хаттармен марапаттады.
Кешке шақырылған (1960,1970,1980,1990 жылдардың) түлектер кезекпен сахна төріне шақырылып, сөз сөйледі. Хадисте «Бір әріп үйреткен адамға, 40 жыл тағзым ет» деген. Қай салада, қай жерде жүрсек те мөлдір қиялымызды қанаттандырған,  өмір  бойы жетелеп,  білім нәрімен    сусындатқан алтын ұя шаңырақтарына,  тәрбиенің бітпес байлығын ұсынған  тәрбиешілеріне  мың  алғыс білдірді.
                                                                               
Шараға қатысқан барлық балалар үйінің өнерпаздары өнерден кенде емес екендерін дәлелдеп, құлақ құрышын қандыра ән салып, мың бұрала әсем билерін биледі. Атап айтсақ: «Балалар ауылы» тәрбиеленушілерінен (орыс ұлты) құралған домбырашылардың орындауындағы «Балбырауын күйі», «Шульба» балалар үйі тәрбиеленушілерінің орындауындағы  «Каратэ», «Жасөспірімдер» үйінің «Жас қайың» триосының өнерлері баршаның көңілінен шықты.
Киелі сахна төріне балалық шақтың естелігімен бөлісуге 2000 бастап 2010,  жылдардың түлектері шақырылды. Түлектер өздерінің жылы лебіздерін ,  ұстаздар қауымы мен  ата- анасындай тәрбиелеп өсірген  балалар үйінің ұжымына зор алғыстарын білдіріп жатты. Мұндай игі шара Қазақстан бойынша тұңғыш рет өткізіліп жатқанын тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға, Облыс әкіміне үлкен  рахмет айтты.  
 «Үміт» балалар үйі тәрбиеленушілері, бірнеше байқаулардың жеңімпаздары Выблов Е. бастаған өнерлі өрендер концерттік бағдарламаның шырайын ашып,  көрермендерді көтеріңкі  көңіл күйге бөледі.
Концерттік бағдарлама аяқталсада, орталық мәдениет үйінің екінші қабатында жайылған ақ дастарған кеш қонақтарының сағыныш  сезімдерін әбден басуға  күтіп тұрғандай болды.
Ұмытылмас шара соңында ұйымдастырылған би және мерекелік отшашу  түлектердің жадысында мәңгі  сақталары сөзсіз.

КММ «Үміт»  балалар үйі
Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары
Даулетбекова М.М. 

© 2017 Балалардың қүқықтарын қорғау комитеті

010000, Астана қаласы, Орынбор көшеcІ
«Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты, № 8 үй, 11 кіреберіс. Тел.: 8 7172 74 23 42

Яндекс.Метрика