Мемлекеттік рәміздері

Құрылған: 02.08.2012, 11:28   |   Жаңартылған: 02.08.2012, 11:28
Мемлекеттік рәміздері

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТУЫ – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Мемл. ту көгiлдiр түстi тiк бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннiң астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тiк жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түстi. Тудың енi ұзындығының жартысына тең. ҚР мемл. туының авторы — суретшi Шәкен Ниязбеков. Бiрыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келедi. Ежелгi түркi тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшiн қасиеттi ұғым. Түркi және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотик. тарихына сүйене отырып, мемл. тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билiк, айбындылық бейнесi. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы

Елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемл. гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қ. р. м. г-нiң авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

 Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
 Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

                      Алтын күн аспаны,
                      Алтын дән даласы,
                      Ерліктің дастаны, 
                      Еліме қарашы! 
                      Ежелден ер деген, 
                      Даңқымыз шықты ғой. 
                      Намысын бермеген, 
                      Қазағым мықты ғой!
 
                     Қайырмасы: 
                     Менің елім, менің елім, 
                     Гүлің болып егілемін, 
                     Жырың болып төгілемін, елім! 
                     Туған жерім менің – Қазақстаным!
                     Ұрпаққа жол ашқан, 
                     Кең байтақ жерім бар. 
                     Бірлігі жарас қан, 
                     Тәуелсіз елім бар. 
                     Қарсы алған уақытты, 
                     Мәңгілік досындай. 
                     Біздің ел бақытты, 
                     Біздің ел осындай!
                    
                    Қайырмасы


Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу

Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері күнін мерекелеу құрметіне, тәуелсіздік идеясын насихаттау, еліміздің рәміздеріне саналы патриоттық көзқарасты қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарының балалар қоғамдық бірлестіктері, еріктілер  белсенді қатысты. Қазақстан Республикасы рәміздерінің 20 жылдығына орай салтанатты сапқа тұрулар және түрлі шаралар циклі өткізілді. 
Салтанатты сапқа тұрулар Қазақстан Республикасының әнұранын айтудан басталып, балалар тарих пен болашақтың ұлылығын, күші мен жасампаздығын білдіретін мемлекеттік рәміздердің тарихы туралы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтің жарлығына сәйкес 2007 жылдан бастап 4 маусым - елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің күні болып атап өтілетіні туралы баяндады.
                                 
Мәселен, Шүлбі кентіндегі балалар үйінің төменгі сынып оқушылары Отан туралы өлеңдер айтты. Балалар өз білімдерін ортаға салып, өлеңдер оқып, ән айтты. Жоғары сынып оқушыларымен  «Мемлекеттік рәміздер» тақырыбында сұхбат өткізіліп, мемлекеттік рәміздер бойынша конкурс өткізілді. Сонымен қатар, «Елімнің рәміздері» иллюстрациялық материалдармен мемлекеттік рәміздердің мәнін, маңызын ашатын викториналар өткізілді.
Шаралардың соңында мерекелік концерттер өтті. Балалар  «Менің Қазақстаным», «Тұлпарым», «Атамекен», «Здравствуй, столица», «Алға, Қазақстан», «Елім менің» әндерін орындап,  «Қамажай», «Қазақ вальсі» билерін биледі.
                                 
Соңында мемлекеттік елтаңбаның негізіне алынған қазақ халқының ежелгі киелі «шаңырағы» биік болсын, әр қазақстандық отбасының керегесі кең және үйлерінің іргетасы мықты болсын ” - деп тілейміз.

«Еліміздің рәміздері – тәуелсіздік белгісі» атты флэш мобтың өтілуі туралы 

2012 жылдың 4 маусымы күні сағат 11.00-де Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау департаменті Білім басқармасымен бірлесіп Астана қаласы Отан қорғаушылар алаңында Қазақстан Республикасының рәміздеріне 20 жыл толуына орай «Еліміздің рәміздері – тәуелсіздік белгісі» атты флэш моб ұйымдастырып өткізді.
Мақсаты: жастарымызды және қала тұрғындарын еліміздің тәуелсіздігінің айғағы - рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу, саяси маңызын ұғындыру және насихаттау. 
                                
Флэш мобқа қала колледждерінің 1000-нан астам студенттері мен қала тұрғындарын қатыстыру жоспарлануда.
Мемлекеттік рәміз — бұл еліміздің бұрынғысы мен бүгінгісі. Рәміздер Қазақстан Республикасының өзіндік даму жолы мен өзге елдерден ерекшелігін бейнелейді, ал мазмұны мен мәні адамгершілік, ынтымақ, бірлік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды ту етеді. Мемлекетіміздің рәміздерін құрметтеу – әр адамның азаматтық парызы. 
                                
Шара барысында еліміздің әнұранын салтанатты орындап, «Қара жорға» ұлттық биі жаппай биленеді. Сонымен қатар, қолдарына мемлекетіміздің туларын желбірете ұстаған жастар рәміздерге деген өз құрметтерін білдіреді. Флеш моб қатысушылары аса қызығушылықпен белсене қатысып жұршылық назарын аударды.

"Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы N 258 Конституциялық заңы (82 Kb)

 

© 2017 Балалардың қүқықтарын қорғау комитеті

010000, Астана қаласы, Орынбор көшеcІ
«Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты, № 8 үй, 11 кіреберіс. Тел.: 8 7172 74 23 42

Яндекс.Метрика